Географиялық зерттеу әдістері. Географиялық модельдер

   Сабақтың мақсаттары:

  • географиялық зерттеу әдістерінің (далалық, картографиялық, теориялық) мәнін түсіндіру және оларды қолдану;
  • географиялық нысандардың, құбылыстардың және үдерістердің модельдерін түрлі материалдардан немесе түрлі техникаларда жасау арқылы олардың ерекшеліктері мен қасиеттерін түсіндіру.

   Мақсатқа жету үшін:

  • география қандай әдістерді қолданады?
  • модель дегеніміз не?
  • модельдерді қалай жасауға болады?

   Географиялық зерттеу әдістері

   7-сыныпта географиялық ақпарат алу тәсілі әдіс екенін білдіңдер. Географияда бірде-бір әдіс жеке дара қолданылмайды. Ол басқа әдістердің тәсілдерімен бірлесіп, неғұрлым нақты және дәлелденген нәтиже алуға мүмкіндік береді. Атақты географ Н. Н. Баранский бұл туралы: «Біреуі басқаның орнына емес, біреуі басқалармен бірге», – деп жазған болатын.
   ​7-сыныпта сендер далалық, картографиялық, тәжірибелік-эксперименттік, зертханалық-сараптау әдістерін қолдандыңдар.
   ​8-сыныпта біз зерттеу бойынша қалыптасқан дағдыларды қолдануды жалғастырамыз және оларды жаңа әдіс-тәсілдермен толықтырамыз.

   Н.Н. Баранский 5-сурет.

   Далалық әдіс

   Сендер 7-сыныпта физикалық географиядағы далалық зерттеулердің маңыздылығын түсіндіңдер. Әлеуметтік-экономикалық географияда да олардың рөлі өте маңызды. Әдістің мәні халықтың және шаруашылықтың аумақтық орналасу ерекшеліктерін, табиғат пен халықтың өзара ықпалын анықтау үшін аумақты зерделеумен тікелей байланысты.
   ​Далалық зерттеулер арнайы әзірленген бағдарламалар бойынша жүргізіледі және аумақты тұтас зерттеуді, маршруттық бақылауларды және типтік (негізгі) жер телімдерін зерделеуді қамтиды. «Негізгі» зерттеулер адамдардың өмірінің, олардың шаруашылық іс-әрекетінің географиялық ерекшеліктерін неғұрлым тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Далалық зерттеулер барысында мамандармен, өндіріс басшыларымен кездесулер және сұхбаттар өткізіледі, олар шаруашылықтың және халықтың аумақтық шоғырлану құбылыстарының көптеген ерекшеліктерін түсінуге және нақты ұсыныс әзірлеуге мүмкіндік туады.

   Ш. Уәлиханов «Жоңғария очерктерінде»:

   «Осылайша, саяхат барысында жинақталған мәліметтер, біріншіден, менің жеке бақылауларымнан; екіншіден, cенуге болатын адамдардан алынған және басқа да көрсеткіштермен тексерілген мәліметтер мен материалдардан және соңында көпестерден, шенеуніктерден алынған жазба дереккөзден, жергілікті жердің ресми құжаттары мен кітаптарынан тұрады», – деп жазды.

   Географиялық сипаттау әдісі

   Географиялық сипаттау әдісі – географиядағы ежелгі әдістердің бірі, «жерді сипаттау» ғылымының атауына кіріктірілген. Ол – бақылаулар мен далалық зерттеулердің нәтижесін қорытындылау.
   ​Зерттеушілер нақты нысан, құбылыс, үдеріс туралы географиялық экспедицияның және далалық зерттеулердің нәтижесі бойынша қажетті ақпаратты жинақтағаннан кейін, оларды жүйелейді және аумақтың толық сипаттамасын құрастырады.
   ​Сипаттамалар бір элементті болуы және бір ғана компонентті қарастыруы мүмкін, мысалы, жер бедерінің сипаты, табиғи-аумақтық кешен немесе жерүсті сулары.
   ​Қазіргі уақытта көптеген сипаттамалар кешенді түрде жүреді, олар аумақтық кешенді толығымен қарастырады: табиғат – халық – шаруашылық.
   ​Сипаттау белгілі талаптар бойынша жасалады.
   ​Ол зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сәйкес болуы тиіс, яғни сипаттауға болатынның бәрін сипаттау емес, тек зерттеу жоспары бойынша сипаттау.
   ​Нысанның ерекше маңызды және елеулі белгілері, параметрлері және бейнелері сипатталады.
   ​Сипаттауға алынатын барлық жинақталған ақпарат, нақты санаттар бойынша жүйеленуі немесе бөлінуі тиіс. Бұл нысанның немесе аумақтың құрамын, құрылымын, негізгі сипаттамаларын, олардың арасындағы байланысты анықтауға мүмкіндік береді.
   ​Сонымен қатар географ-ғалымдар: «Географиялық сипаттамалардың сипаттау тілі қызықты болуы және көркем мәнерліліктің көптеген тәсілдерін қамтуы тиіс», – деп санайды.

   Географтар мен олардың сипаттаулары

   Географ Ю. К. Ефремов Сахалинді сипаттауында:

   «…Сахалинде оңтүстігіне қарағанда солтүстігі суығырақ қана емес, батысы шығысына қарағанда жылырақ. Бұл жерде ландшафтардың кәдімгі ендік зоналылығының орнына, өзіндік «меридиандық зоналылық» қалыптасқан», – деп жазды.

   Н. Н. Баранский ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан туралы: «Бұнда барлық орталықтар шалғайда, ал шалғай жерлер шөлді орталықта болды», – деп жазды.
Ш. Уәлиханов

  «Жоңғария очерктері»

   «…Орта Азия өзінің қоғамдық құрылысында дамудың қандай да бір патологиялық дағдарысын, өте өкінішті құбылысын көрсетеді. Ешбір асыра сілтемей-ақ, бүкіл елді аңғал-саңғал қалған су құбырлары, арықтары мен құдықтары, бетінде қаусыраған төбе-төбе жұрттары бар – ұсқынсыз тікенекті сексеуіл басқан және жабайы есектер мен үркек киіктер мекендейтін орасан шөлдермен салыстыруға болады. Осы сахараның арасындағы өзен жағалауларында терек, тұт ағаштарымен және шегіршінмен өң берілген шұраттар, кейбір жерлерінде еріншек  адамдардың жаратушының қамқорлығына қалдырылған күтімі нашар  күріш алқаптары, піспей жатып терілетін шөптесін мақталықтар, жүзімдіктер мен жеміс бақтары кездеседі. Осы шұраттарда, көпқақпалы шаһарлардың қираған жұрттарында исламмен азғындалған, діни және монархиялық озбырлықпен жаншылған жабайы, қараңғы тайпа жантүршігерлік қақыра үйлерде өмір сүреді…».

  • бірэлементті
  • кешенді
  • жер
  • табиғат
  • шаруашылық
  • фаунасы
  • халық
  • өсімдіктер

  • эпитеттер
  • метафоралар
  • салыстырулар
  • кейіптеу, бейнелеу

   Салыстырмалы-географиялық әдіс

   Сендер 8-сыныпта көптеген нысандар мен аумақтарды, құбылыстар мен үдерістерді салыстырасыңдар. Салыстыру – екі (және одан көп) үдерістерді сандық немесе сапалық (ұқсастық, айырмашылық, артықшылық және кемшілік),  әртүрлі қасиеттері бойынша салыстыру үдерісі. Ол екі амалдан тұрады: алдымен ұқсас белгілері, содан соң айырмашылықтары анықталады. Екі компонентті де қамтыған жағдайда салыстыру толық, ал олардың біреуін ғана қамтыған жағдайда толық емес болып саналады.
   ​Ортақ белгілері бар нысандарды салыстыру қажет. Салыстыру нысандардың неғұрлым маңызды ерекшеліктері бойынша жүргізілуі тиіс. Алдымен сапалық, содан соң сандық ерекшеліктері бойынша салыстыру ұсынылады. Содан кейін ғана қосалқы белгілерін салыстыруға болады.

   Л. Н. Гумилев

   Көне түркілер

   «… Еуропа және Алдыңғы Азияның халықтары, өркениеттің келесі сатысына өтіп, архитектурасы таңғалдыратын қалалар салады. «Түркілер үйлер салмаған, бау-бақшалар нуландырмаған, өйткені күні өте суық болған соң, жуыр маңдағы тоғайлардың қу ағашын жағып бітіреді де, мекендеген қалаларын лажсыз тастап кетеді. Бірақ тас күрке мен кесек лашық – әрі жылы, әрі жеңіл, бір жерден екінші жерге оңай көшіре салатын киіз үймен салыстырғанда, тұрғын үйдің – жоғары түрі» дегенмен келісу қиын. Табиғатпен тамырласып жатқан көшпелілерге мұндай үйде тұру еріккеннің ермегі емес, қажеттілік. Жаздың ыстығында дала күйіп кетеді де, мал Тянь-Шань мен Алтайдың, Ханғай мен Хөнтей жоталарында жатқан шалғынды жайлауға шығады. Қыста тауларды қалың қар басады да, мал  шұбырып, қар аз түсетін далаға келеді, сосын ылғалдан жібіген нәрлі қу шөпті қорек етеді. Тіршілік осындай болып тұрғанда, тасымалды үй ең қолайлы …».

  • иглу
  • киіз үй
  • лашық
  • тас күрке

   Геосергiту

   Көзге арналған жаттығу. Шарт: солтүстік – жоғары, оңтүстік – төмен, батыс – солға қарау, шығыс – оңға қарай, Жер шарын айналу – көздің қарашығын айналдыру, күн-түн – көзді жыпылықтату.
   ​Көз қарашығын максималды амплитудамен айналдырыңдар: 1) солтүстік-оңтүстік (8 рет); 2) сағат тілімен (4 рет) және сағат тіліне қарсы айналдыру (4 рет); 3) шығыс-батыс және батыс-шығыс (3 рет); 4) күн-түн (8 рет).

   Картографиялық әдіс

   Сендер 8-сыныпта картамен жұмысты жалғастырасыңдар. Зерттеудің картографиялық әдісі – бұл карталарда  бейнеленген құбылыстарды тану үшін оларды қолдану әдісі. Ол өзінің құрамына өзара байланысты екі тәсілді қамтиды:

  1. Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша картографиялық материалдар жасау. Ол сендерге картасызбалар құрастырған 7-сынып курсынан таныс. 8-сыныпта сендер бұл дағдыны дамытуларың керек.
  2. Ақиқатты тану үшін дайын карталарды (модельдерді) қолдану. Сендер картаны оқып-үйренуді жалғастырасыңдар.

   Картамен жұмыс әдістері 6-сабақта жан-жақты қарастырылады.

Модельдеу әдісі

   Модель – бұл зерттеудің таңдап алынған мақсаты үшін неғұрлым маңызды сапасын және қасиеттерін айқындайтын,  үдеріс немесе құбылыс туралы қарапайым түсінік беретін, жасанды жолмен құрастырылған нысан. Модельдеу – бұл нысандарды, үдерістерді немесе құбылыстарды зерделеуге және зерттеуге арналған модельдер құрастыру.
   ​Нысан үшін құрастырылатын модель түпнұсқа немесе прототип деп аталады.
   ​Географияда сөздік, картографиялық, құрылымдық, графикалық, математикалық, материалдық деген сияқты негізгі модельдерді айқындауға болады. Сонымен қатар модельдер құрама да болуы мүмкін: математикалық-картографиялық, математикалық-графикалық және басқалар.

   1. Сөздік модельдер

   Сөздік модельдер тіл құралдарының көмегімен аумақтық кешендерді сипаттауды білдіреді. Оны ұстауға болмайды, оның материалдық түрі жоқ, ол тек ақпараттан құрастырылады. Осы параграфтың басында нәтижесі аумақтың сөздік бейнесі болып табылатын сипаттау әдісі берілген.

   2. Картографиялық модельдер

   Картографиялық модельдер – бұл белгілі мазмұны және қолдану аясы бар географиялық карталар.

   3. Құрылымдық модельдер (сызбалар)

   Жүйенің элементтерін, жүйе ішіндегі элементтер арасындағы байланысты және белгілі элементтердің қоршаған ортамен байланыстарын көрсетеді.

   4. Графикалық модель

   Геометриялық фигура, шартты белгі, әріп және цифрлардың көмегімен нысанның көлемін, формасын, түсін, құрамын және құрылысын сипаттайды. Оларға сызбанұсқалар, графиктер, сызбалар, бағандар, фотосуреттер және басқалар жатады. Карта да графикалық модельге жатады, бірақ оның географиядағы алатын айрықша орнына байланысты ол жеке дара қарастырылады.

   5. Математикалық модельдер

   Нысан, құбылыс немесе үдерістерді формуланың көмегімен абстрактілі сипаттауды білдіреді.

   6. Материалдық модель

бұл табиғи нысандар мен құбылыстардың материалдық көшірмелері. Олар қашанда нақты түрде көрсетіледі, түпнұсқа-нысанның сыртқы қасиеттерін немесе ішкі құрылысын, не әрекеттерін жаңғыртады. Мысалы: глобус – Жер шары формасының моделі. Материалдық модельдеу танымның эксперименталдық (тәжірибелік) әдісін қолданады, сендер бұл әдіспен 7-сыныпта таныстыңдар.

а) Париждің ескі заман картасы

ә) Париждің цифрлық макеті

б) Қаланы жайғастыру типтері

в) Париж агломерациясының құрылымы

г) Париж жайғасымының сипаттамасы

ғ) Париждің цифрлық макеті

   Теориялық әдістер

   Теория зерттеу нәтижелерін қорытындылау формасы, өзара байланысты пайымдаулар мен дәлелдер жүйесі. Ой тұжырымының негізгі екі формасын бөліп көрсетуге болады. Олар пайымдаудың жалпыдан жекеге және жекеден жалпыға қарай жолын қарастырады және дедукция мен индукция деп аталады. Оларға кейбір қасиеттердегі, белгілердегі, қарым-қатынастардағы заттар мен құбылыстардың ұқсастығын анықтауға болатын ұқсастық әдісі де жатады. Далалық және камералдық (ғылыми өңдеу) зерттеулердің деректерін жүйелеу және талдау, оларды модельдерде және карталарда  бейнелеу нәтижелері бойынша зерттеушілер нысанның, құбылыстың және үдерістің даму ерекшеліктері мен заңдылықтары туралы жалпы қорытынды жасайды. Осындай қорытынды теория болып шығады.

Дедукциялық тұжырым үлгісі:

   «Экологиялық аудандастыру картасы бойынша, елді мекеннің орналасқан аймаққа, экологиялық ластанған аймаққа жататындығы анықталды. Демек, жергілікті жердің аумағында да экологиялық ластанудың ізін табуға болады».

Индукциялық тұжырым үлгісі:

   «Далалық зерттеулер барысында елді мекен орналасқан аумақта экологиялық ластану белгілері анықталған. Демек, біздің елді мекенге кіретін аймақ, экологиялық ластану аймағына жатады».

Ұқсастығы бойынша ой қорытындысы үлгісі:

    «Жер ғаламшары Күн жүйесінде орналасқан, онда атмосфера, су және өмір бар. Марс ғаламшары Күн жүйесінде орналасқан, онда атмосфера және су бар. Марста өмір болуы мүмкін».

Әр қорытындының ақиқаттылығы тәжірибелік, эксперименттік, бақылаулармен, есептеулермен және т.б жолдармен дәлелденген жағдайда ғана, кез келген ой тұжырымы теория болып шығады.

   Геодерек

   1998 жылға дейін әлемде атауы қарапайым «астана» ұғымын білдіретін бір ғана Кореяның Сеул қаласы болды. Қазақстандық Нұр-Сұлтан – екінші қала.

Сеул

Ойыңды тұжырымда

  1. Параграф мәтінінің қандай пайымдаулары мен материалдары Н. Н. Баранскийдің «Біреуі басқаның орнына емес, біреуі басқалармен бірге» сөзінің дұрыстығын дәлелдейді?
  2. Әлеуметтік-экономикалық географияда далалық зерттеулер мен экспедициялар өткізу барысында қандай ақпарат көздері маңызды болып табылады?
  3. Өз елді мекендеріңді бақылаудың нәтижелері бойынша, мазмұны келесі бөлімдерден тұратын, елді мекеннің кешенді сипаттамасын жасаңдар:
    • аумақтың негізгі сипаттамалары;
    • ұқсас елді мекендермен салыстыру;
    • көркем мәнерлілік құралдары;
    • бір картасызба;
    • бір модель.
  4. Бақылаудың нәтижелері бойынша дәлелденген ой-тұжырымдарыңды дедукция, индукция, аналогия бойынша өздерің қалаған формада тұжырымдаңдар.
  5. Нәтижесін сыныпқа көрсетіңдер.
Өтінемін күте тұрыңыз