3.1-бөлімге шолу

   3.1. «Литосфера» бөлімінің сабақтары бойынша

   Сендердің білгендерің:

  • Жер бедері – бұл кескіні, көлемі, пайда болуы, жасы және даму тарихы бойынша қатты жер бетінің алуан түрлі кедір-бұдырларының және басқа да қатты планетарлық денелердің жиынтығы. Ол оң (дөңес) және теріс (иілген) формалардан тұрады.
  • Жер бедерінің түрлері – нақты көлемі бар, үшөлшемді табиғи ауқымды денелер. Таулар және жазықтар – олардың негізгілері.
  • Жер бедері түрлерінің морфометрлік жіктелуі – бұл олардың сыртқы белгілері мен көлемі бойынша бөлінуі. Олар 1) планетарлық; 2) мегаформалар (планетарлық формалардың бөліктері); 3) макроформалар (мегаформалардың бөліктері); 4) мезоформалар (макроформалардың бөліктері); 5) микроформалар (мезоформалардың бөліктері); 6) наноформалар (микроформалардың бөліктері).
  • Жер бедері түрлерінің генетикалық жіктелуіне сәйкес геотектуралар, морфоқұрылымдар және морфомүсіндерді бөліп көрсетеді. Эндогендік үдерістер жер бетінің тегіссіздіктерін жасайды, ал климат осы кедір-бұдырларды тегістеуге тырысатын экзогендік үдерістерге әсер етеді.
  • Таулар геосинклинальдарға, ал жазықтар платформаларға сәйкес келеді. Таулар биіктігі және пайда болуы бойынша жіктеледі. Жазықтар биіктігі және бетінің сипаты бойынша жіктеледі.
  • Географиялық орны, атауы, өзіне тән жеке сипаттамасы бар жер бедерінің нақты түрлері орографиялық бірліктер деп аталады.

   Сендер:

  • жер бедері түрлерінің элементтерін анықтауды;
  • «Бағаналы Венн диаграммасын» құруды;
  • жер бедері түрлерін жоспар бойынша сипаттауды;
  • жалпы қабылданған шартты белгілердің көмегімен жер бедерінің түрлерін картада белгілеуді, олардың модельдерін жасауды;
  • ұқсас орографиялық бірліктерді салыстыруды, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтауды;
  • тау жыныстары айналымы циклограммасын құрастыруды және түсіндіруді;
  • пайдалы қазбалардың таралуы мен тектоникалық құрылымның арасындағы өзара байланысты талдауды;
  • «Туған өлкенің тау жыныстары мен минералдары каталогін» құрастыруды үйрендіңдер.
Өтінемін күте тұрыңыз