Пайдалы қазбалардың таралу заңдылықтары

Сабақтың мақсаты:

  • Тау жыныстары мен минералдардың қалыптасу заңдылықтарына байланысты пайдалы қазбалардың таралуын талдау.

Мақсатқа жету үшін:

  • Пайдалы қазбалар дегеннің  не екенін;
  • Пайдалы қазбалардың қандай топтарға бөлінетінін;
  • Пайдалы қазбалардың шоғырлану орындарын білуіміз керек.

   Пайдалы қазбалар

   Энергия, шикізат, материалдар алу үшін пайдаланылатын және шаруашылықтың минералды-шикізаттық базасы болып табылатын тау жыныстары мен минералдарды пайдалы қазбалар деп атайды. Олар үшін: орналасудың біркелкі болмауы, нақты кен орындарының қайта қалпына келмеуі, барлау арқылы орнын толтыру мүмкіндігі және жаңа кен орындарын игеру тәрізді ерекшеліктер тән болады. Қазіргі кезде минералды ресурстардың 200-ден астам түрі пайдаланылады. Кейбір түрлердің қоры бірдей емес. Өндіру көлемі үнемі ұлғайып отырады және жаңа кен орындары игеріледі.
   ​Физикалық жағдайына қарай олар қатты (түрлі рудалар, көмір, мәрмәр, гранит, тұздар); сұйық (мұнай, минералды сулар); газ тәріздес (жанғыш газдар, гелий, метан) болып бөлінеді.
   ​Пайдалы қазбаларды қолданылуы немесе мақсаты бойынша жанғыш (көмір, шымтезек, мұнай, табиғи газ, жанғыш тақтатас); рудалы (металл және металл емес (графит, асбест) пайдалы компоненттерді қамтитын тау жыныстарының рудалары; рудасыз (металл емес және жанбайтын пайдалы қазбалар: құм, қиыршық тас, балшық, бор, әктас, түрлі тұздар. Асыл тастар және өңдеу тастары – жеке топ) деп бөлінеді.

   Пайдалы қазбалардың мөлшері, сапасы және жату жағдайына қарай өнеркәсіптік пайдалану үшін жарамды болып Жер үстінде немесе қойнауында шоғырлануы пайдалы қазбалардың кен орны (мысалы, Қазақстандағы Қарашығанақ мұнай кен орны) деп аталады. Бұл – аталған жерде пайдалы қазбаның көп, сапасы жоғары болуы тиіс, ал жату тереңдігі жер қойнауынан қиындықсыз өндіретіндей болуы керек деген сөз, әйтпесе оларды өндіруге жұмсалған барлық шығын (адамдардың еңбекақысы, техника сатып алу және т.б.) ақталмайды. Табиғи ресурстарды үздіксіз тарататын тұйық аудан бассейн (мысалы, Қарағанды көмір бассейні) деп аталады.

   Пайдалы қазбалардың мөлшері, сапасы және жату жағдайына қарай өнеркәсіптік пайдалану үшін жарамды болып жер үстінде немесе қойнауында шоғырлануы  деп аталады.

   Энергия, шикізат, материалдар алу үшін пайдаланылатын және шаруашылықтың минеральдық-шикізаттық базасы болып табылатын тау жыныстары мен минералдарды  деп атаймыз.

   Геосергiту

   «Солтүстік полюс, экватор, оңтүстік полюс»

   Жүргізушіні таңдаңдар. Жүргізуші оң қолымен төбені көрсетіп, «Солтүстік полюс», мұрнына саусағын тигізіп, «Экватор», еденді меңзеп, «Оңтүстік полюс», – дейді. Сынып оның әрекеттерін қайталайды. Бірінші кезең орташа қарқынмен орындалады. Одан әрі жүргізуші бір сөзді айтады, бірақ басқаны көрсету арқылы сыныпты шатастыруға тырысады. Сыныптың мақсаты – дұрыс көрсетуге тырысу. Қарқынды үдету арқылы ойынды бірнеше рет қайталауға болады.

   Пайдалы қазбалар мен тектоникалық құрылымдар

   Пайдалы қазбалар – өндірісте материал ретінде қолданылатын тау жы ныстары мен минералдар. Демек, пайда болуы бойынша олар магмалық, шөгінді және метаморфтық болып бөлінеді. Олардың Жер аумағы бойынша орналасуында белгілі заңдылықтар байқалады.
   Қатпарлы облыстардың пайдалы қазбалары. ​Магмалық пайдалы қазбалар әдетте қатпарлы облыстарда (36-сурет) көлбеу жатады. Бұл рудалардың негізінен магмадан және олардан шығатын ыстық су ерітінділерінен пайда болуымен байланысты. Магма жер қойнауынан жарықтар арқылы көтеріледі және әртүрлі тереңдікте тау жыныстарының қалың қабатында қатады. Магмалық пайдалы қазбалар төгілген магмадан – тез суып кететін лавадан да пайда болуы мүмкін. Әдетте магманың енгізілуі белсенді тектоникалық қозғалыстар кезеңінде жүреді, сол себепті рудалы пайдалы қазбалар қатпарлы облыстармен байланысты болады (37-сурет).

36-сурет. Жердің қатпарлы белдеулері
37-сурет. Қатпарлы облыстағы пайдалы қазбаның кен орны

   Картамен жұмыс

  1. Дүниежүзінің тектоникалық картасына және 36-суретке сүйене отырып, кескін картаға қатпарлы облыстардың шегараларын салыңдар және атауларын жазыңдар. Бұл аймақтарда өндірілетін пайдалы қазбаларды шартты белгілермен көрсетіңдер.
  2. 37-суретті қандай пайдалы қазбалардың шартты белгілерімен толықтыруға болады?

   Платформалардағы пайдалы қазбалар

   Платформалы жазықтарда рудалық пайдалы қазбалар оның төменгі қабатындағы іргетасқа ұштастырылған. Платформаларда рудалы кен орындары қалқандарға (37-сурет) немесе шөгінді тыстың күші айтарлықтай болмайтын платформаның бөліктерінде және іргетас жердің беткі қабатына жақын келген жерлеріне ұштастырылуы мүмкін. Ресейдегі Курск магнит аномалиясының (КМА) темір рудалары осылайша орналасқан. Кривой Рог (Украина) және т.б. бассейндердің рудалары қалқандарда өндіріледі.
   ​Қалқандар Жердегі тіршіліктің өткен кезеңдерінде теңіз деңгейінен төмен түскен емес, оларда теңіз шөгінділерінің болмауының басты себебі осыған байланысты. Ежелгі қалқандарда көмір де, мұнай да, тұздар да жоқ. Қалқандарда пайдалы қазбалардан негізінен темір, никель, мыс рудалары, түрлі сирек кездесетін металдар мен алтын, ал металл емес пайдалы қазбалардан – слюда және дала шпаты таралған.

38-сурет. Материктердегі қалқандар

   Картамен жұмыс

   Тектоникалық картаның және 38-суреттің көмегімен, әр материк шегіндегі ірі қалқандарды кескін картаға түсіріңдер және атауларын жазыңдар (алдыңғы жұмыстың жалғасы). Бұл аймақтарда өндірілетін пайдалы қазбаларды шартты белгілермен көрсетіңдер.

   Шөгінді пайдалы қазбалар

   Шөгінді пайдалы қазбалар тақталарға тән, себебі платформалық тыс тақталарда орналасқан. Темір және марганец рудаларының, фосфориттің, минералды бояулардың, гипстің, әктастардың, түрлі сазбалшықтардың және т.б. шөгінді кен орындары кең таралған. Газ, мұнай, көмір, жанғыш тақтатастар бұл қатардың басты рөлін атқарады. Органогендік пайдалы қазбалар таяз теңіздердің жағалаулық бөліктерінде және құрлықтың көлді-батпақты жағдайында жинақталған өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтарынан пайда болған. Бұндай ағыл-тегіл органикалық қалдықтар өсімдіктердің кеңінен дамуына қолайлы жылы және ылғалды жағдайда жинақталады. Таяз теңіздерде және жағалаулық мүйістерде ыстық құрғақшылық жағдайында химия өнеркәсібінде шикізат ретінде қолданылатын тұздардың жинақталу үдерісі жүреді.
   ​Тақталардың шөгінді тысында магмалық массалардың суықтан қатуына байланысты пайда болатын түсті және сирек металдар кездеспейді. Оларды тақтаның іргетасында кездестіруге болады. Алайда өте тереңде орналасуына байланысты оларды өндіру мүмкін емес. Шөгінді тыстың қалыңдығы 10 км-ге жетуі мүмкін. Алмаз өндіретін жекелеген өте терең шахталардың тереңдігі 4–5 км-ге жетеді.

Жер қыртысының картасы

   Картамен жұмыс

   Жер қыртысы құрылысының картасын пайдаланып, кескін картаға платформалық тақталардың шегарасын түсіріңдер (бұның алдындағы картамен жұмыстың жалғасы). Бұл аймақтарда өндірілетін пайдалы қазбаларды шартты белгілермен көрсетіңдер.

   Метаморфтық жыныстар

   Метаморфтық жыныстарды қазіргі кездегі және ежелгі жанартау лық аймақтарда, қатпарлы облыстарда, жер қыртысының белсенді аймақтарында кездестіруге болады. Олар магма қозғалысының периметрі бойында орналасады. Бұндай тау жыныстары магмамен тікелей қарым-қатынасқа бармайды, тек оның жоғары температурасының әсеріне ұшырайды (39-сурет).

39-сурет. Метаморфтық пайдалы қазбалардың пайда болу аймақтары

   Картамен жұмыс

   «Жер қыртысының құрылысы және пайдалы қазбалар» картасынан пайдалы қазбалардың шартты белгілерін зерделеңдер. Метаморфтық пайдалы қазбалар және магмалық тау жыныстары неліктен қызыл түспен белгіленген деп ойлайсыңдар?

   Пайдалы қазбаларды өңдірумен байланысты мамандықтар: геолог, тау-кен инженері, шахтёр.

   Геодерек

   Нөлдік километр – жол арақашықтығын есептеудің бастапқы нүктесі. Дүниежүзінің көптеген елдерінде нөлдік километр ел астанасының орталығында және астанадан бөлек басқа қалаларда да – астана арқылы өтпейтін жолдар үшін, ерекше белгімен таңбаланған. Нөлдік километр тақтайшамен немесе жерде бейнеленген белгімен, ал кейде мүсін немесе ескерткіш тақтамен, тіпті тарихи маңызы бар: сарай, мұнара, көпір, тұрғын үймен де белгіленеді. Тарихи себептерге байланысты нөлдік километр көбінесе қаланың басты пошта үйіне түседі. Кейбір елдерде «нөлдік километрді» «нөлдік нүкте» деп те атайды.

Нөлдік километр, Атырау

   Негізгі түсініктер

  • Энергия, шикізат, материалдар алу үшін пайдаланылатын және шаруашылықтың минералды-шикізаттық базасы болып табылатын тау жыныстары мен минералдарды пайдалы қазбалар деп атайды.

   Ойыңды тұжырымда

   1. Төменде берілген суретті дәптерде бейнелеңдер. Суретте қатпарлы облыстарды, платформаның қалқаны мен тақтасын белгілеп көрсетіңдер. Көрсеткіш нұсқарлармен а) магмалық; ә) шөгінді; б) метаморфтық пайдалы қазбалардың пайда болу аймақтарын көрсетіңдер.

   2. Пайдалы қазбаның сипаттамасы бойынша оның пайда болған тектоникалық құрылымын анықтаңдар.

  • Сидерит («темір шпаты») – минерал, темір рудасы. Пайда болуы гидротермалды немесе шөгінді, полиметалл, кен орындарында кездеседі. Сонымен қатар кейде әктастарда метасоматоздық минерал ретінде пайда болады.
  • Алмаз – табиғи минерал, минералдардың арасында ең мықтысы. Жарықтың әсерінен түрлі түстермен жарқырайтын қасиеті бар. Қырлап мәнерленген алмаз – бұл гауһар тас. Көміртегінің атомдары үлкен тереңдікте (120–200 км) қатты қысымның (45–60 мың атмосфералық) және жоғары температураның (900–1300°С) әсерінен текшелік кристалды торлар – алмаз түзеді.
  • Хромиттер – бұл магмалық пайдалы қазба, хромның көзі. Құнды хром рудасы және көлемі үлкен шоғырлар болып жинақталғанжағдайда, өнеркәсіптік масштабта өндіріле бастайды. Хромиттердің ірі кен орындары Түркияда, ОАР, Қазақстанда және басқа елдерде орналасқан.
Өтінемін күте тұрыңыз