География ғылымының салалары

   Cабақтың мақсаты:

  • география ғылымының салаларға бөлінуін графикалық түрде көрсету және түсіндіру;
  • география ғылымы салаларындағы маңызды зерттеулерді анықтау.

   Мақсатқа жету үшін:

  • географияның әр саласы нені зерттейтінін;
  • география ғылымының әр саласын зерттеу үшін табиғат пен адамзаттың дамуындағы қандай проблемалар маңызды (мәселелер және түпнұсқалық мәтіндер арқылы) екенін;
  • географиялық деректерді қалай визуалдауға (көзбен шолуға) болатынын білуіміз керек.

  Географиядағы жіктеу (дифференциация)

   Географиядағы жіктеу (дифференциация). 7-сыныпта сендер география ғылым ретінде адам, қоғам, мемлекет және адамзаттың географиялық білімге деген қажеттілігіне байланысты пайда болғанын білдіңдер. Жіктеу (дифференциация) үдерісі географияда ерте заманда-ақ, екі үлкен салаға: физикалық және қоғамдық (әлеуметтік-экономикалық) географияға бөлініп жүре бастаған.
   ​Географиялық қабық, халық, оның тұрмысын ұйымдастыру мен шаруа­шылық іс-әрекеті құрылымы жағынан күрделі. Олардың құрылымындағы барлық элементтерді зерттеп шығу бір ғана зерттеушінің қолынан келмейді. Сол себепті физикалық география мен экономикалық геогра­фияда бұлардың әр саласын жекелеген компоненттері бойынша бөлек-бөлек ғылыми бағыттарға бөлу жалғасын тапты.

   Физикалық география – Жердің географиялық қабығын зерделейтін ғылымдар жүйесі. Ол географиялық қабықтың ерекшеліктерін және жер бетіндегі түрлі табиғи құбылыстардың арасында болатын өзара байланыстарды зерттейді.
   ​Қоғамдық (әлеуметтік-экономикалық) география халықты және оның шаруашылығын зерттеумен айналысады.

   Физикалық география

   1-суретте бейнеленген ландшафт – жер бедері. Ол өзен, жануарлар мен өсімдіктер әлемі, метеорологиялық элементтер, мұздықтар, топырақ тәрізді компоненттерден тұрады. Бұл компоненттердің әрқайсысы физикалық географияның жеке бағыты бойынша оқылады.

   1-сурет. Физикалық географияның зерттелу компоненттері бойынша бөлінуі

   Қоғамдық география

   Жер халқы да өзінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Адамдар қауымдастығының құрылымы ғасырлар бойы қалыптасқан нәсілдік, этностық, діни мәдениеттер мен өркениеттерге бөлінеді. Құрылымының ерекшеліктері бойынша нәрестелер, балалар, жасөспірімдер, жастар, ересектер, қарттар, ұзақ өмір сүрушілер, ер және әйел адамдар болып та бөлінеді. Кеңістіктік шоғырлануы бойынша ауыл, қала, өлке, аймақ, ел, материк халқы деп бөліп көрсетуге болады. Халық динамикасындағы туу және өлім, көші-қон тәрізді үдерістерді атауға болады.

   ​Аталған ерекшеліктердің әрқайсысы әлеуметтік географияның жекелеген бағыттары бойынша зерттеледі. Оның кейбір бағыттары 2-суретте көрсетілген. Халықтың нәсілдік құрамы 5-сыныпта қарастырылды. Жер халқының этностық және діни құрамы, мәдени ерекшеліктері 7-сыныптың бағдарламасында қарастырылған болатын. Биылғы жылы сендер маңызды демографиялық үдерістерді оқисыңдар.

   2-сурет. Әлеуметтік географияның салалары

Дін географиясы
Көші-қон географиясы
Демогеография
Этногеография
Мәдениет географиясы
Геоурбанистика

   Бұл ғылыми пәнде белгілі біл өлкедегі демографиялық процестер мен әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың  тарихи қалыптасқан  қарым-қатынасы зерттеледі. 

  • демогеография
  • этногеография

   Ғылымның бұл бағытында этникалық топтардың белгілі бір аймаққа және өлкеге орналасуы мен саяси, әлеметтік-экономикалық және табиғи түрткіжайттарға сәйкес басқалармен қарым-қатынасы зерттеледі. 

  • демогеографиялық
  • этногеографиялық

   Сендер 7-сыныпта әлеуметтік географияның қандай бағыттарын оқыдыңдар? 
   Нәсілдік, этностық, жастық және жыныстық белгілері бойынша мектеп оқушыларының «халық» құрамы бойынша ерекшеліктерін атаңдар. 
   Сендерге халықтың қандай ерекшеліктері әлі таныс емес? 
   Елді мекендеріңнің типін қандай ғылым зерттейді? 

   Экономикалық география

   Адамның шаруашылық іс-әрекетінің географиясы да құрамы мен құрылымының күрделілігімен ерекшеленеді. Географияда олардың әрқайсысы жеке бағыт болып оқылатын шаруашылық салалары бөлініп көрсетіледі. 3-суретте экономикалық-географиялық ғылымның кейбір салалары көрсетілген.
   Ауылшаруашылығы және өнеркәсіп географиясымен сендер өткен оқу жылында таныстыңдар. Әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылым қызмет көрсету саласына жатады. Олар да 7-сыныптың бағдарламасында қарастырылған болатын.​

Табиғат ресурстары географиясы
Ауылшаруашылық географиясы
Өнеркәсіп географиясы
Қызмет көрсету саласы географиясы
Көлік географиясы
Дүниежүзілік шаруашылық географиясы

   3-сурет. Экономикалық география салалары

   Суретте көрсетілген экономикалық-географиялық бағыттардың әрқайсысы өз кезегінде қандай бағыттарға бөлінуі мүмкін?

   Жоғарыда зерттелетін компоненттері немесе салалары бойынша географияның бөлінуі бойынша мысалдар берілген.

   Геосергiту

   «Қалалар мен облыстар»

   Жүргізуші Қазақстанның бір облысын атаған кезде, оқушылар оның орталығын айтуы керек. Және кері бағытта.

   Географияның басқа да салалары

   География ғылымы қамтылатын аймақтары бойынша да бөлінеді. Жергілікті жердің (өлкетану), ауданның (физикалық география), аймақтың (әлеуметтік-экономикалық және саяси география), елдің, дүние бөлігінің, материктер мен мұхиттардың, дүниежүзінің географиясын бөліп көрсетуге болады. Сонымен бірге мұндай бөлу физикалық география мен әлеуметтік-экономикалық географияны да қамти алады.
   Уақыттық кезеңдер бойынша география ғылымы палеогеография (физикалық география), тарихи география, қазіргі заман географиясы (қоғамдық география) болып бөлінеді.

   «Қаздар қонысы» – Павлодар қаласында
   Ертіс өзенінің тік жарлы жағасындағы жер телімі. Бұл жердің қалың қабатынан өткен ғасырдың басында ғалымдар ежелгі жануарлардың көптеген сүйектерін тапты. Ғаламшарда 10–12 миллион жыл бұрын тіршілік еткен алып жануарлардың сүйектері – сирек кездесетін орын. Олар тек осы жерде сақталған. Сондықтан «Қаздар қонысы» – аса құнды жер телімі. Ол гиппарион фаунасының ең белгілі 20 ескерткішінің тізіміне енгізілген.
  • Палеогеография
  • Тарихи география
  • Қазіргі заман географиясы
   Көптеген өркениеттер Ніл, Евфрат және Тигр, Үнді,
   Хуанхэ, Ганг және Янцзы өзендерінің аңғарларында пайда болған. Олардың ортақ табиғи ерекшеліктері: ыстық климаттың алғышарты ретінде экваторға жақындығы; кең жайылып таситын, мол сулы өзендер – таусылмас ылғал көзі; жыл сайын өзендердің тасуының нәтижесінде пайда болған құнарлы және жұмсақ топырақтар; топан су (Тигр және басқалар) және өзен арнасының өзгеруі (Хуанхэ); батпақтардың және сасық көлдердің, қамыс қопасының (Нілдің, Тигрдің және Евфраттың жағалауы) немесе ормандардың (Гангтың, Янцзыдың жағалауы) көптігі; жаңбырлар немесе сирек жауындар (әсіресе Ніл, сонымен қатар Үнді, Хуанхэ алқабында ) немесе тек қыста жауатын жаңбырлар (Евфрат және Тигр алқабы).
  • Палеогеография
  • Тарихи география
  • Қазіргі заман географиясы

   Палеогеография – өткен геологиялық дәуірлердегі физикалық-географиялық жағдайлар туралы ғылым.
   ​Тарихи география географиялық ортаның адамзат қоғамының дамуына ықпалын зерттейді.
   ​Қазіргі заман географиясы тікелей қазіргі уақыттағы жағдайды зерттейді. Оның өткені осы уақыттағы географиялық нысандардың, құбылыстар мен үдерістердің жағдайына әсері тұрғысынан қарастырылады.

   Сыныпта талқылаңдар

   Қалай ойлайсыңдар, ғылымда «Болашақ географиясы» деген бағыт бар ма?

   Ойлан!

  • Сендердің елді мекендеріңнің географиясын қандай кеңістіктік қамтуға жатқызуға болады?
  • Сендердің өлкелерің қандай аудан, аймақ, ел, дүние бөлігі және материктің құрамында оқылады?

   Картография

   «Қайда?» – бұл географияның басты сұрағы. Карта – оның жауабы. Демек, физикалық және қоғамдық географиямен қатар, картография – география ғылымының үшінші тармағы. Географиялық ғылымдардың әрқайсысы әртүрлі карталарды қолданады және өз карталарын шығарады.

   Жергілікті жердің жоспарын құрастырудың ерекшеліктерімен және шартты белгілермен, карталардың жіктелуімен сендер 5–6-сыныптарда «Жаратылыстану» пәнінде таныстыңдар.
   ​Картасызба құрастыру дағдыларын 7-сыныпта дамыттыңдар.
   ​8-сыныпта зейінді негізінен тақырыптық карталарға аудару қажет болады.

   Ойлан!

   Өздеріңнің 8-сыныпқа дейін жинақтаған картографиялық білімдерің мен дағдыларыңды еске түсіріңдер және оларды интеллект-карта түрінде ұсыныңдар. Өз нәтижелеріңді сыныпқа түсіндіріңдер.

   Географиядағы бірігу (интеграция)

   Зерттелетін компоненттері, салалары, аумақты қамтуы, уақыттық кезеңдері бойынша география ғылымында жекелеген бөліктерге жіктелумен қатар, бірігу (интеграция) тәрізді үдеріс байқалады. Ол бір компонентті бірнеше географиялық ғылымдардың зерттеу мүмкіндігіне байланысты пайда болды. Мысалы, ландшафтанушыға тектоникалық құрылымдар (геотектоника), күн райы (метеорология), климат (климатология), өсімдіктер мен жануарлар (биогеография), топырақ (топырақ географиясы), су (құрлық гидрологиясы, океанология, метеорология және климатология) туралы білімдер бірдей дәрежеде қажет. ландшафтану әртүрлі дәрежедегі табиғи-аумақтық кешендерді зерттейді.
   ​Атақты ғалым В. И. Вернадский (4-сурет) жақын уақытта ғылымдар зерттеу нысандарына қарай бөлінбейді, зерттейтін проблемаларына байланысты бірлеседі деп санады.
   ​Бірігу (интеграция) келесі себептер бойынша күшейеді:

  1. Биогеография мен биологияның арасындағы сияқты, бір ғылымнан екіншісіне өту шегарасы жойылады.
  2. Ғылымдардың зерттейтін ортақ нысаны болуы мүмкін. Мысалы, метеорология мен климатология табиғаттың бірдей компоненттерін зерттейді; этногеография және демогеография нақты аумақтың тұрғындарын зерттейді.
  3. Бір ғылымның зерттеу әдістерін басқа ғылымда қолдануға болады. Мысалы, физикалық-географиялық аудандастыру қағидалары қоғамдық географияда да қолданылуда.
  4. Ғылымдар толығымен бірлесуінен геоэкология, геоэкономика, геосаясат сияқты жаңа ғылыми пәндер пайда болуда.

   ​Бірігуді ішкі және сыртқы деп бөлуге болады. Ішкі бірігу барысында географиялық ғылымдар бір-бірімен бірлеседі. Сыртқы бірігуде география географиялық емес ғылыми бағыттармен түйіседі.

   4-сурет. Академик В. И. Вернадский

   Ойлан!

  • Географиядағы бірігудің әр себебіне өз мысалдарыңды келтіріңдер.
  • Географиядағы «ішкі» және «сыртқы» бірігуге мысалдар келтіріңдер.
  • Нәтижелерді Эйлер шеңберлерінде көрсетіңдер.

   Зерттеудің өзекті бағыттары

   Географияның барлық салалары адамдар мен мемлекеттердің қажеттіліктерінен пайда болды. Олардың зерттеулері қазіргі уақытта барлық адамзат қоғамын қамтитын проблемаларды шешуге бағытталған. Оларға келесі проблемалар жатады:

  • бейбітшілік пен қарусыздандыру проблемасы;
  • экологиялық;
  • демографиялық;
  • энергетикалық;
  • шикізаттық;
  • азық-түліктік;
  • Дүниежүзілік мұхит ресурстарын пайдалану;
  • ғарышты бейбіт мақсатта игеру;
  • дамушы елдердің артта қалушылығын жою.

   Өзінің даму жолында адамзат:

1. Абсолюттік кедейлік пен аштықты жоюға

   2. Жалпыға бірдей білім берумен қамтамасыз етуге

   3. Жыныстардың теңдігіне және әйелдер құқығының кеңеюіне ықпал етуге

   4. Ана денсаулығын қорғау және жақсартуға

   5. Балалар өлімін ​қысқартуға

   6. АИТВ/ЖИТС-пен, безгек және басқа да аурулармен күресуге

   7. Экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге

   8. Даму мақсатында бүкіл дүниежүзілік серіктестікті қалыптастыруға ұмтылады.

        • Кедейлік проблемасы
        • Жер халқының санының көбеюі
        • ормандарды шектеусіз шабу
        • Балықты шектеусіз аулау
        • Әлемдік мұхиттың ластануы
        • Зиянды жаңбырдың жаууы

           Ойлан!

        • Географияның қандай салалары адамзат проблемаларын шешуге үлес қосуда?
        • Олардың қайсысы физикалық, қайсысы қоғамдық географияға жатады?
        • Қалай ойлайсыңдар, географияның адамзат проблемаларын шешуге қатысуы ғылымдардың жіктелуіне немесе олардың бірігуіне ықпал ете ме? Өз жауаптарыңды дәлелдеңдер.

           Географиялық деректерді визуалдау

           Сендер мәтіннің ауқымы арқылы география ғылымының салаларымен, олардың зерттейтін нысандарымен, кеңістікті және уақытты қамтумен, заманның өзекті бағыттарымен таныстыңдар. Кез келген зерттеушіге қажетті дағды – бұл деректердің ауқымын сызба түрінде, яғни визуалды формада көрсете білу біліктілігі. Визуалдау – бұл көзге көрінбейтінді көрсету дағдысы.
           ​Ақпаратты визуалдау – сандық және мәтіндік ақпаратты графиктер, диаграммалар, құрылымдық сызбалар, кестелер, суреттер, карталар және т.б. түрде ұсыну. Ақпаратты визуалдау қабылдауға жеңіл және өз ойларың мен идеяларыңды жылдам және тиімді ұсынуға жағдай жасайды. Зерттеулер ақпараттың жартысынан астамын адам көру арқылы қабылдайтынын көрсеткен. Сурет, жазықтықтағы сызық, түс және формалар ақпаратты түсінуге және есте сақтауға, жүйелеуге, қорытынды жасауға, игеруге ықпал етеді.

           Топта параграф мәтініндегі 4 бөліктің әрқайсысын визуалдау үшін визуалдау формасының қайсысы неғұрлым ыңғайлы екенін талқылаңдар («Географиядағы жіктеу (дифференциация)», «Географиядағы бірігу», «Зерттеудің өзекті бағыттары», «Географиялық деректерді визуалдау»).

           Қандай формалар сәйкес келмейді?

           Қалай ойлайсыңдар, визуалдау бойынша бір жұмыста бірнеше форманы құрамдастыруға бола ма?

           Әр сұрақтың жауабын дәлелдермен, мысалдармен бекітіңдер.

           География ғылымымен байланысты мамандық атаулары: геоморфолог, биогеограф, гляциолог және криолитолог, метеоролог және климатолог, ландшафтанушы, спелеолог, мұхиттанушы, гидролог, топырақтанушы, геосаясаткер, әлеуметтік және экономикалық географияның мамандары, география пәнін оқытушылар.

           Геодерек

           Қазақстанда, Қызылорда облысының аумағында дүниежүзінің тұңғыш әрі ең ірі Байқоңыр ғарышайлағы орналасқан. Осы жерден адамзат баласы алғаш рет ғарышқа ұшты, Жердің жасанды серігі жөнелтілді.

           Негізгі түсініктер

        • Физикалық география – Жердің географиялық қабығын зерделейтін ғылымдар жүйесі.
        • Қоғамдық (әлеуметтік-экономикалық) география халықты және оның шаруашылығын зерттеумен айналысады.
        • Палеогеография – өткен геологиялық дәуірлердегі физикалық-географиялық жағдайлар туралы ғылым.
        • Тарихи география географиялық ортаның адамзат қоғамының дамуына ықпалын зерттейді.
        • Қазіргі заман географиясы тікелей қазіргі уақыттағы жағдайды зерттейді. Оның өткені осы уақыттағы географиялық нысандардың, құбылыстар мен үдерістердің жағдайына әсері тұрғысынан қарастырылады.
        • Ақпаратты визуалдау – сандық және мәтіндік ақпаратты графиктер, диаграммалар, құрылымдық сызбалар, кестелер, суреттер, карталар және т.б. түрде ұсыну.

           Ойыңды тұжырымда

        1. Өздеріңнің таңдауларың бойынша визуалды формада:
          • географиялық ғылымның құрамын, құрылымын, география тармақтарының зерттеу нысандарын және өзекті бағыттарын көрсетіңдер;
          • география тармақтарының бірінің мысалында жіктеуге мысал келтіріңдер;
          • география тармақтарының бірінің мысалында бірігуге мысал келтіріңдер.
          • Нәтижені сыныпқа ұсыныңдар.
        2. Географиялық ақпарат түрлерін топтастырыңдар және әр топ үшін оны визуалдаудың неғұрлым оңтайлысын анықтаңдар.
        Өтінемін күте тұрыңыз